Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметі алаңында журналистер мен әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың сұрақтарына берген жауабында 5G тарататын мұнаралардың әсерінен адамдардың иммунитетінің төмендеуі, вирусты тікұшақтан шашу және басқа да теорияларды жоққа шығарды.

«Болжамдар мен нұсқалар өте көп, бірақ тек ресми дереккөздерге ғана сеніңіздер, министрліктің сайтын пайдаланыңыз. Адамдарды жаңылыстыру әрекеттері, үрей тудыратын және адам денсаулығына зиян келтіретін хабарламаларға қатаң тыйым салынады. Мұндай деректер құқық қорғау органдарына жіберіледі және заңға сәйкес шаралар қабылданатын болады», - деп ескертті министр.

Кейбірінің іс-әрекеттері алаяқтық деп бағаланса, кейбірі, керісінше, көмектесуге тырысады. А. Цойдың айтуынша, блогерлер мен қоғам белсенділерінен өз платформаларында ақпарат таратуға дайын екендігі туралы көптеген ұсыныстар келіп түседі.