2020 жылдың 2 шілдесінде Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Нұрсұлтан Назарбаев. Жауапты көшбасшылық: сабақтастық және эволюция» атты Халықаралық конференция болып өтті.

Конференцияны ұйымдастырушылар: ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі.

Форумға ғылыми-талдау орталықтарының басшылары мен жетекші сарапшылары, Қазақстанның жоғары оқу орындарының ректорлары, аймақтық халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ беделді шетелдік сарапшылар қатысты.

Сонымен бірге, іс-шара аясында конференцияға онлайн режимде: Наталья Герман – БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивті дипломатия бойынша аймақтық орталығының Басшысы (Ашхабад); Владимир Норов – Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы (Пекин); Цзи Чжие – Қытайдың заманауи халықаралық қатынастар академиясының аға кеңесшісі және экс-президенті (Пекин); Якунин Владимир – «Өркениеттер диалогы» ғылыми-зерттеу институтының Бақылау кеңесінің төрағасы (Мәскеу) қатысты.

Халықаралық конференция барысында келесі мәселелер талқыланды: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи рөлі және оның саяси көрегендігі; Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жауапты көшбасшылық феномені және оның Ұлт Көшбасшысы - Елбасына трансформациялануы; саясаттың, тарихи дәстүрлер мен саяси мәдениеттің сабақтастығын қалыптастыру тұрғысындағы Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасының маңыздылығы; қазіргі кезеңдегі Елбасының қызметі.

Қазақстандық сарапшылар – ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шаукенова, Л.Н. Гумилева атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ҚБ Басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова, Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының Халықаралық бағдарламалар орталығының жетекшісі Қайрат Әбусейітов, ҚР БҒМ ҒК Мемлекеттік тарих институтының директоры Еркін Әбіл, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев, «Nur Otan» партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры Юлия Кучинская, Нұр Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек өз сөздерінде мемлекетіміздің дамуының түрлі аспектілерін зерттей отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесін жан-жақты және терең талдады.

Сонымен қатар халықаралық конференция жұмысына онлайн қосылу арқылы ғалымдар, ғылыми ұйымдардың сарапшылары қатысты: ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы ӘЭСИ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ, ҚР БҒМ ҒК Мемлекеттік тарихы институты, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих институты, Философия, саясаттану және дiнтану институты, «Альтернатива» ӨЗО, Қоғамдық саясат институты, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты, сонымен қатар халықаралық ұйымдардың өкілдері.

Конференция қатысушылары халықаралық конференция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жауапты көшбасшылық феноменін, еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы бағасыз үлесін түйсінуде, оның Қазақстанның жаңа тарихындағы аса маңызды рөлін, оның тұлғасының орасан зор ауқымын, ерекше қасиеттері мен Отанға және халқына қызмет ету құбылысын түсінуге септігін тигізетіні туралы ортақ пікірге келді.

Конференция қорытындысы бойынша материалдар жинағы шығарылады.