Мектептер жүктемесін одан әрі азайту үшін жыл сайын елордада кемінде 10 оқу орнын салу қажет. Бұл туралы ОКҚ брифингінде әкім Алтай Көлгінов хабарлады.

«Қалада халық санының өсуін ескере отырып, әлеуметтік нысандарға, оның ішінде оқу орындарына жүктеме артуда. Егер 2019 жылы 6 мектеп салынып, пайдалануға берілсе, биыл екі есе көп болады. Бұл – 12 мектеп. Олардың бір бөлігі тапсырылды. Алдағы жылдары енгізілетін мектептер құрылысы жалғасуда. 2021 жылы кем дегенде 12 мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», - деді мегаполис басшысы.

Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан әкімі әлеуметтік нысандарды салуға инвесторлар тартылатынын атап өтті.

«Бюджетке ғана үміт артудың қажеті жоқ, қала тұрғындарына қажетті жобалардың құрылысына жеке қаражатты белсенді түрде тартамыз. 10 жыл бұрын 74 мың оқушы болған, қазір олардың саны 193 мың. Егер мұндай үрдіс жалғаса берсе, оқушылар саны 400 мыңға жетуі мүмкін. Сондықтан біз мектеп құрылысына назар аударуымыз керек. Егер өткен жылы 22 мектепте балалар саны көп болса, 8 мектепте үш ауысымда оқыды. Қазір бұл көрсеткіш екі есе азайды. Яғни, 4 үш ауысымды мектеп және балалар саны көп 14 мектеп қалды», - деп түйіндеді Көлгінов.