Онлайн-алаңда құрылыс материалдарын сату. Онда барлық қазақстандық өндірушілер өз өнімдері туралы ақпаратты орналастыра алады, ал құрылыс компаниялары қажеттісін делдалсыз тиімді бағамен сатып ала алады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алтай Күздібаев жоба туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Оның айтуынша, 2020 жылдың бірінші кезең шеңберінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 106 жылжымайтын мүлік объектілерінің, электронды сметаларына талдау жасалды, электронды сметалар парсинг алгоритмі әзірленді және «Нұрлы жер» ахуалдық орталығында құрылыс материалдарының барлық қажеттілігіне шолу жасалды. Бүгінгі күні 106 объектінің құрылыс материалдарына сұранысы 51,4 млрд теңгені құрайды.

«Сондай-ақ, біз «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылыс компанияларының құрылыс материалдарының қажеттіліктері онлайн-витринасын жасадық, онда қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілер қажеттіліктермен таныса алады және қажет болған жағдайда, тіркелуден өткен құрылыс компанияларына коммерциялық ұсыныстар жібере алады. Құрылыс компаниялары жеке кабинетіне құрылыс материалдарын өндірушілерден коммерциялық ұсыныстар түскені туралы хабарлама алады, онда олар коммерциялық ұсыныстар қарастыруға, таңдауға мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта онлайн-витрина www.stroimaterial.kz адресі бойынша тестілеу режимінде іске қосылды», - деді Күздібаев.

«Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың ашықтығын арттыру, сондай-ақ өндірушілер мен тікелей сатып алушы-құрылыс салушылар арасында ақпарат, ұсыныстар мен тауарлар алмасу үшін витрина жасалды. Қазақстандық қамту мәселесі де маңызды.

Биылғы жылы жобаның екінші кезеңінде өндірушілерге қолда бар құрылыс материалдар витриналарын жариялауға мүмкіндік беріледі. Барлық қатысушылар үшін ЭЦҚ-ны қолдана отырып, шарттарды онлайн жасасудың бизнес-процесін енгізу жоспарланған.

Ақпараттық жүйе «Атамекен» ҰКПО отандық өндірушілердің тізілімімен, сондай-ақ «Онлайн құрылыс құнын басқару жүйесімен» біріктіру, құрылыс материалдары бойынша жеке онлайн-алаңдармен бірігу мүмкіндігі үшін ашық API әзірлеу көзделген.

«Қажет болса «сатушыдан» және «сатып алушыдан» құрылыс материалдары бойынша онлайн аукциондар өткізу алгоритмі мен функциясы әзірленеді. Маркетплейс құрудан күтілетін нәтиже «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысының өзіндік құнының төмендеуі, қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілерді қолдау, қазақстандық өндірушілердің динамикалық бағаларымен сметалық жоспарлау мен талдаудың онлайн-жүйесіне көшу, құрылыс материалдары бағаларының тиімді мониторингі, құрылыс материалдары анықтамалықтарын біріздендіру болып табылады», - деп түйіндеді Қазақстандық тұрғын үй компаниясы төрағасының орынбасары.