Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру мәселелері бойынша баяндама жасады.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және өмір сүру жайлылығын арттыру – мемлекеттің тұрақты әрі маңызды міндеттерінің бірі. Ресми мәліметтерге сәйкес, 15 жылдың ішінде пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 2,6 есе өсті. Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 5,6 есеге артты.

Тәуелсіздік жылдары бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 2005-2011 жылдары тұрғын үй құрылысын дамыту, «Қолжетімді баспана-2020», «Нұрлы жол» және Өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламалары. Осы кезеңде 114 мыңнан астам отбасы әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 63 мыңнан астам үлескердің тұрғын үй мәселелері шешілді.

«2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама әрекет еткен 3 жылдың ішінде 36,8 млн шаршы метр немесе 330 мың тұрғын үй салынды. Қолжетімді тұрғын үй және жеңілдетілген несие беру арқылы мемлекеттік қолдау шараларымен 89 мыңға жуық отбасы қамтылды», - деді Жайымбетов.

Сонымен қатар, осы жылдар ішінде тұрғын үй құрылысына 3,6 трлн тенгеден астам жеке инвестиция тартылды.

«Салынған мемлекеттік инвестициялардың 1 теңгесіне жеке инвестициялардан 6 теңгеден келеді», - деді Комитет басшысы.