«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 5,5 триллион теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов мәлімдеді.

2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама тиімді және бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құру, транзиттік және көлік қызметтерін дамыту, технологиялық және институционалдық ортаны жетілдіруге бағытталған.

Бармақовтың айтуынша, алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жол салып, реконструкциялау, сондай-ақ республикалық желідегі 11 мың шақырым автожолды күрделі және орташа жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанған жағдайдағы үлесі 100 пайызға дейін жеткізілмек.

«Автожол саласында биыл жөндеу жұмыстарымен республикалық және жергілікті маңызы бар 9800 шақырым автожолды қамту жоспарланып отыр. Жалпы, жол салу жұмыстарына шамамен 200 мыңға жуық адам тартылады. Соның ішінде 100 мың адам қосымша салалардан. Атап айтқанда, бұл өндірушілер мен материалдар мердігерлері және жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер және т.б.. Республикалық желі бойынша құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен 4 мың шақырым автожол қамтылды», - деді Сайранбек Бармақов.

Спикердің мәліметінше, бірінші және екінші техникалық санаттағы жолдардың ұзындығы 60 пайызға дейін, ақылы жолдардың үлесі 45 пайызға дейін ұлғаяды, жолдар сервис объектілерімен жүз пайыз қамтамасыз етіледі.