Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ақпараты бойынша, коронавирустық инфекциямен күресу үшін қалада 4 232 орындық 19 стационар жұмыс істейді.

Аймақ басшысы атап өткендей, қазіргі уақытта бірқатар қалалық клиникалардың қызметін қайта бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Оның айтуынша, жақын арада 150 төсек-орын психикалық денсаулық орталығы базасында, 150 орын – урология ғылыми орталығы базасында, «Halyk Arena» базасында 200 төсек-орын ұйымдастырылады. Сонымен қатар, «Halyk Arena» базасында толыққанды реанимация бөлімшесі ашылады, сондай-ақ пациенттерге оттегіге қол жеткізу нүктелері қолжетімді болады.

«Күн сайын инфекциялық стационарларға 100-ден астам пациент жатқызылады. Инфекциялық стационарлардың жүктелуі 85% құрайды. Денсаулық сақтау министрлігінің болжамына сәйкес, қыркүйекке қарай тәулігіне 300 симптомдық жағдайға дейін артуы мүмкін. Осыған байланысты жұқпалы және провизорлық стационарлардағы төсек-орын санын 6 000 төсекке дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз»,- деді Б.Сағынтаев.