ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Энергетика министрлігі, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағы, сондай-ақ мұнай сервистік бизнес өкілдері мұнай нарығындағы жағдай туралы мәлімдеді.

«Мұнай нарығында құбылмалы жағдай орын алып отыр. Коронавирус індеті көмірсутек шикізатының ірі тұтынушыларының бірі Қытай тарапынан мұнайға сұраныстың күрт құлдырауына әкеп соқтырды. Соңғы екі жылда мұнай бюджетке 1 трлн астам түсімді қамтамасыз етті. Мұнайдың бағасы 25 долларға дейін төмендеген кезде экспорттық кедендік баж нөлге жетеді және мұнай компанияларынан түсетін түсімдер нөлге тең болады. «Қара алтынға» қазіргі баға сақталған жағдайда Қазақстан бюджетінің дефициті ЖІӨ-нің 1,2% -ын құрауы, ал мұнай мен газ экспортынан қазынаның табысы 3 есеге қысқаруы мүмкін. Біздің алдымызда тұрған басты міндет – жұмыс орындарын сақтау», - деп атап өтті Рашид Жақсылықов, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы.

Мұнайдың төмен бағасын ескере отырып, мұнай-газ саласында жұмыс орындарын босату бойынша тәуекелдер сақталуда. Бүгінде еліміздің мұнай сервисінде 200 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейтін 2000-нан астам компания бар. Әлемдік мұнай нарығындағы жағдай таяу айларда жақсаруы екіталай. Бұл дағдарыс тіпті 1-2 жылға созылуы мүмкін. Егер объективті айтатын болсақ, қысқартулар мұнай-газ кәсіпорындары мен олардың тікелей мердігерлеріне емес, бірінші кезекте еліміздің мұнай сервистік компанияларына әсер етуі мүмкін. Бұл жобалардағы жұмыстардың аяқталуына және мұнай-газ компанияларындағы бюджеттердің қысқаруына байланысты болады. Мысалы, осы жазда ТШО болашақ кеңейту жобасынан 5 мыңға жуық адам босайды.

Жұмыс орындарын барынша сақтау және өңірлердегі әлеуметтік шиеленісті азайту үшін бірқатар маңызды шаралар қабылдау қажет:

  • мұнай сервистік қызметтер бойынша қолданыстағы және жаңа мердігерлік шарттардың құнын қайта қарауға жол бермеу;
  • инфляцияның өсуін және ұлттық валюта бағамын түзетуді ескере отырып, қолданыстағы мердігерлік келісімшарттарды индекстеуді көздеу;
  • негізгі мұнай өндіруші компаниялардың қаржылық жағдайына талдау жүргізу;
  • жаңа инвестициялық жобаларды, атап айтқанда, инвестициялар көлемі шамамен $4 млрд құрайтын Қарашығанақты кеңейту жобасын, газ-химия жобаларын іске асыруды жеделдету;
  • қазақстандық мұнай сервистік компанияларға өз қызметтерін экспорттауда көмек көрсету.

Рашид Жақсылықовтың айтуынша, осы және басқа да шаралар көмірсутек бағасының күрт төмендеуінен және коронавирустың өршуінен республика экономикасына кері әсерін азайтуға көмектеседі. Мұнай-газ секторы ел экономикасының негізгі драйвері болып қалып отыр. Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының Бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша 2019 жылы мұнай өндіру секторы 7 трлн теңгеге жуық сомаға тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алды, бұл республикалық бюджеттің барлық шығындарының 60%- ын құрайды.

2019 жылдың қорытындысы бойынша мұнай сервистік қызметтерді сатып алудың жалпы көлемі 3 трлн 397 млрд теңгені құрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 16% - ға артық (2 847 млрд теңге). КПО, ТШО, НКОК ірі мұнай-газ операторларының үлесіне барлық мұнай сервистік қызметтердің 80% - дан астамы келеді. Егер негізгі сегменттер бөлігінде қарайтын болсақ, 2019 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалған шығындар 2019 жылмен салыстырғанда 23% - ға артып, 1 трлн 875 млрд теңгені құрады. Бұл өсім Теңіз кен орнын болашақ кеңейту жобасы шеңберінде мердігерлік жұмыстардың ұлғаюымен байланысты.

Қазақстандық компаниялардың үлесі (компанияның жарғылық/акционерлік капиталына Қазақстан азаматының 100% қатысуы) тек 16%-ды, ал қазақстандық бизнеспен бірлескен кәсіпорындардың үлесі 20%-ды құрады. 2019 жылы бұрғылау жұмыстары бойынша шығындар 8% - ға артып, 403 млрд теңгені құрады. Бұрғылау жұмыстарының негізгі тапсырыс берушісі 200-ден астам мұнай-газ ұңғымасын салған «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы болды. Бұрғылау операциялары сегментіндегі қазақстандық бизнестің үлесі 66%-ды құрады.

2019 жылы жобалау мен инжиниринг шығындары 25% - ға төмендеп, 389 млрд теңгені құрады. Құлдырау Теңіз кен орнын болашақ кеңейту жобасының объектілерінде негізгі инжиниринг жұмыстарының аяқталуымен байланысты. Осы сегменттегі отандық бизнесті тарту үлесі әлі де болса төмен деңгейде қалып отыр, 10%-дан төмен. 2019 жылы техникалық қызмет көрсету және жөндеу шығындары 86% - ға артып, 470 млрд теңгені құрады. Өсім Теңіздегі, Қарашығанақ пен Қашағандағы өндірістік нысандардың жоспарлы жөндеуден өтуіне байланысты. Аталған сегменттегі қазақстандық бизнестің үлесі 57% - дан асты.

2019 жылы геологиялық және геофизикалық қызметтерге шығындар 39% - ға артып, 259 млрд теңгені құрады. Сегменттің бұл түріне: ұңғымаларды геологиялық және геофизикалық зерттеу, сейсмобарлау және деректерді түсіндіру, мұнай беруді ұлғайту, жыныстар мен мұнайды талдау тәрізді жұмыстар кіреді. Осы сегменттегі қазақстандық бизнестің үлесі 28% - ды құрады.

«Әрине, мұнай нарығындағы жағдай және мұнай бағасының 40%-ға дейін құлдырауы елдегі мұнай, әсіресе Қазақстанның мұнай сервис нарығына үлкен әсері болады. Негізінен елдің батыс аймақтарында шоғырланған компаниялар салықтарды аз төлейтін болады, тиісінше өңірлік және республикалық бюджеттерге түсім азаятыны анық. Бүгін біздің Одақ және бизнес тарапынан айтылған ұсыныстар Үкімет тарапынан қолдауға ие болады деп үміттенеміз» - деп атап өтті Нұрлан Жұмағұлов.

Бизнес өкілі, Сentrasia Group басқарма төрағасы Алмас Құдайбергеннің айтуынша, коронавирустың әлемде таралуына қарсы әлем үкіметтерінің жүргізіп отырған күресіне байланысты мұнайға деген сұраныс барынша төмендеуде.

«Дағдарыстық экономикалық және елдегі күнделікті шиеленісіп отырған эпидемиологиялық жағдайда Қазақстанның 2000-нан астам мұнай сервистік компаниялары атынан ел басшылығынан мұнай сервистік сектор үшін салықтық каникул енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұраймын. Мұндай шара көптеген компанияларға қалыптасып отырған жағдайда қызметін тоқтатпай, жалғастыруға мүмкіндік береді» - деп атап өтті ол.

Бұл салада 500 мыңнан астам адам (200 мың қызметкер отбасыларымен қосқанда) шоғырланған. Соңғы жылдары біз осы саладағы қазақстандық қамтуды арттыруда айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткіздік. Егер қазіргі дағдарыс кезінде осы компаниялар қолдау таппаса, онда саладағы жергілікті қамту дамуы бірнеше жыл артқа шегеріледі. Ал дағдарыс аяқталғаннан кейін біздің нарыққа шетелдік мұнай сервистік компаниялары қайта келеді. Өйткені оларды олардың үкіметтері қолдады.

"Айта кетсек, бизнес үшін салық демалысын енгізу бірқатар елдерде жоспарланып отыр. АҚШ билігі шағын және орта бизнес үшін салық төлеуді үш айға кейінге қалдырғысы келеді», - деп атап өтті Алмас Құдайберген.