Ауыл шаруашылығы – Солтүстік Қазақстан үшін негізгі сала. Былтыр ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағыты таңдалған болатын. Ол өз нәтижесін беруде. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі өткен жылғы көрсеткіштен артық және 700 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін 115 миллиард теңге инвестиция тартылады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің дамуы туралы осындай деректерді келтірді. Осылайша, өңір елдегі агроинвестициялардың төрттен бірін қамтамасыз етті.

«Құрғақшылыққа қарамастан, біз дәстүрлі түрде елдегі астық көлемінің төрттен бір бөлігін және майлы дақылдардың үштен бір бөлігін жинадық. Бұл барлық агротехникалық шараларды жүзеге асырудың нәтижесі. Өңір шаруалары техниканы жаңарту және минералды тыңайтқыштарды қолдану бойынша республикада көш бастап тұр. Біз өзіміз өсіретін өнімді барынша өңдеуіміз керек. Сегіз жылдық үзілістен кейін «Биоперейшн» ЖШС астықты терең өңдеу бойынша ірі жобасы қайта қолға алынды. Жақын арада зауытты жаңғыртудың үшінші кезеңі аяқталады, оған инвестор жалпы сомасы 12 млрд теңге салды», - деді Ақсақалов.

Енді крахмал, глютен және глютенмен бірге кәсіпорын отынның октандық мөлшерін көбейтетін биоэтанол шығарады. Өңір басшысының айтуынша, өнімге сұраныс жоғары. Павлодар мұнай өңдеу зауытына биоэтанолды жеткізуге ниет-шарт жасалды. Алдымен жылына 20 мың тонна биоэтанол өндіру жоспарланған, оның көлемі біртіндеп 36 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Бұл елдің осы өнімге деген қажеттілігін толығымен өтейді.