Қазақстандағы онкологиялық науқастар коронавирусқа ПТР-тестті тегін тапсыруға құқылы. Тестілеуден өтуге жолдаманы аудандық онколог беруі тиіс. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрайымы, ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова іс-қимылдар алгоритмі жайлы айтып берді.

«Онкологиялық науқастарға COVID-19-ға ПТР-талдау тегін жасалады, өйткені мемлекет бұл қызметті тұрғылықты немесе тіркелген жері бойынша емхана арқылы қаржыландырады. Қаржыландырудың барлығы емханаларда бекітілген. Аудандық онколог тегін ПТР-тестке жолдама беруі тиіс», - деді Қайдарова.

Алайда, егер ауруханаға жатқызу кезінде пациенттің ПТР-тест талдауының мерзімі 1-2 күнге өтіп кетсе, мысалы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ коронавирустық инфекцияға тексеру жүргізіледі. Әрине, бұл шара медицина қызметкерлері мен басқа да науқастарды індетті жұқтыруының алдын алу үшін қабылданады. Онкологиялық науқастар мен онкологияға күдік болған адамдар үшін МРТ, КТ, ПЭТ, ультрадыбыстық зерттеу және өкпені рентгенге түсіру тегін жүргізіледі.

«Біз бұған 2018-2022 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында қолжеткіздік. Сондықтан тегін тексеруге жолдама беретін аудандық онкологтарға хабарласыңыз. Емханаларда осы тегін тексеруді талап етіңіз, оларға қаржы бөлінді. Оның барлығын мемлекет пен медициналық сақтандыру жүйесі өтейді», - деп мәлімдеді республикалық онкологиялық орталықтың басшысы.