Батыс Қазақстан облысында ИВЛ аппараттарының тапшылығы жоқ. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында айтты.

«Қазір қолымызда 130 ИВЛ аппараты бар. Бүгінгі таңда ИВЛ аппараттарының тапшылығы орын алған жоқ. Бірақ оттегі концентраторлары бойынша қажеттілік туындап отыр. Дегенмен жақын арада бұл мәселе де шешімін табатын болады. Қазіргі таңда науқастарды емдеуге 46 оттегі концентраторы іске қосылған. Аталған құрылғылардың жетіспеушілік мәселесін біз демеушілер есебінен шешпекпіз. Қажетті аппараттарға тапсырыс беріп қойдық. Олар жуық арада әкелінеді», - деді облыс әкімі.

Әкімнің айтуынша, медициналық қызметкерлер Бобров аппараттарын да қолдануда. Бұл құрылғылар да жақын күндері облысқа алып келінеді. Аталған Бобров аппаратын оралдық кәсіпорын базасында жасап шығаруды бастайды.