Ел бойынша санитарлық автокөлікпен жабдықтау 93% құрайды.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында пандемия жағдайындағы жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысы бойынша ағымдағы жағдайға арналған сараптамалық онлайн-брифинг өтті.

Шұғыл медициналық үйлестіру Ұлттық орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бахтияр Жүсіповтың айтуынша, республикада жедел медициналық жәрдем қызметі 18 дербес жедел жәрдем станциясымен, 87 қалалық қосалқы станциямен және 288 аудандық жедел жәрдем бөлімшесімен ұсынылған.

Күн сайын ел бойынша жедел медициналық жәрдем шақыруларына 1400-ге жуық бригада қызмет көрсетеді, оның 23%-ы мамандандырылған дәрігерлік бригада және 77%-ы фельдшерлік бригада болып табылады. Ел бойынша санитарлық автокөлікпен жабдықтау 93%-ды құрайды.

Анықтама: қазіргі уақытта жедел медициналық жәрдем қызметінде 1 967 бірлік санитарлық автокөлік бар, оның ішінде 1 310 бірлік қалалық жерде, 657 бірлік ауылдық жерде жұмыс істейді.

Сарапшының айтуынша, жедел жәрдем автокөліктерінің тапшылығын жабу мақсатында 2019 жылы өңірлер 293 бірлік автокөлік сатып алды, биыл 807 бірлік сатып алу жоспарлануда.

"Барлық машиналар лизинг аясында отандық тауар өндірушілерден сатып алынатынын атап өту қажет. Қазіргі уақытта санитарлық автокөлікті кезең-кезеңімен дайындау және жеткізу жүргізілуде. Жалпы, ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін санитарлық автокөліктің барлық жаңа паркін пайдалануға беру жоспарланған", - деді Б.Жүсіпов.