COVID-19 жұқтырғандарға аса қажетті дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сату адамгершілікке жатпайды, деп есептейді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

«Соған қарамастан, пандемия кезеңінде төтенше жағдайды пайдаланып табыс тапқысы келетіндер де жоқ емес. Облыстық экономикалық тергеу қызметі дәрілік препараттарды жоғары бағамен сату фактісін анықтады. Жеке практика дәрігері «Ротацеф» антибиотигінің бір құтысын ОЛХ сайтында 2 000 теңгеден қайта сатқан. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, дәрілік заттардың белгіленген шекті бағаларын арттыру жеке және заңды тұлғаларға 194 460 теңгеден 2 778 000 теңгеге дейін айыппұл салуға әкеп соғады», - деп ескертті аймақ басшысы.

Айта кетейік, Қостанай облысында вирусқа қарсы, қызуды түсіретін препараттар мен антибиотиктердің 38 мыңнан астам орамасы «Іңкәр» ЖШС дәріханалар желісіне жеткізілді. Алдағы күндері аталған дәрі-дәрмектер «Витайм» ЖШС және «Медсервис Плюс» ЖШС «Парацетамол» және т.б. препараттар қосымша жеткізіледі деп күтілуде.