Пандемия кезеңінде тағы да бір әлемдік үрдіс Қазақстанды айналып өткен жоқ. Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдай нашарлай түсті. Жарты жылдың ішінде отбасылық-тұрмыстық қылмыстар саны 21,3%-ға өсті. Олардың ішінде кісі өлтіру және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бар. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің бастығы Әсет Оспанов осындай мәліметтер келтірді.

Бүгінде полиция қызметкерлеріне түсетін жүктеме жоғары. Тәртіп сақшылары көшедегі, қоғамдық орындардағы, сондай-ақ үйдегі жағдайды қадағалауға мәжбүр.

«Ерекше жағдайларда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бақылаудың жаңа әдістері әзірленді. Есепте тұрған және құқық бұзушылық жасауға бейім адамдар қашықтан – әлеуметтік мессенджерлермен бейне қоңыраулар арқылы тексерілді. Бұл әдіс ешқайда бармай-ақ, осындай адамдарды және үйдегі жағдайды көзбен бақылауға және бағалауға мүмкіндік береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы (агрессорымен бірге әлеуметтік оқшауланған жағдайда) полиция органдарына еш кедергісіз хабарлау үшін арнайы алгоритм дайындалды. Онымен дәріханалар мен дүкендердің сатушылары, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың 12 мыңнан астам әлеуетті құрбандары таныстырылды», - деді ювеналды полиция басқармасының бастығы.

Осылайша, өзін-өзі оқшаулау кезеңінде отбасындағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін 8 739 адам жазаланды, олардың жартысына жуығы бірнеше тәулікке қамауға алынды.