Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Тәжікстанға гуманитарлық көмек жеткізу жоспарланып отырғаны туралы ақпаратты растады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрақтарына берген жауабында спикер қазіргі таңда барлық елдердің бір-біріне көмектесіп жатқандығын атап өтті. Қазақстан Үкіметі Тәжікстанға жыл соңына дейін портативті ӨЖЖ аппараттары түрінде көмек көрсету мәселесін қарастырды.

«Бұл аппараттар науқастарды жедел жәрдем көліктерімен тасымалдау үшін қажет. Бұл отандық өнім Ақмола облысында шығарылады. Өндіруші өндірістік қуаттылығын арттырды. Сонымен қатар, қазір бізге қажетті болып отырған стационарлық аппараттар да шығару жоспарланған. Алдағы уақытта өндіріс түрік компаниясымен бірлесе жолға қойылып, жыл соңына дейін ауруханалар аппараттармен толық қамтамасыз етіледі», - деп түсіндірді вице-министр.

Айта кетейік, отандық дәрі-дәрмек өндірушілері де үш ауысымдық форматқа көшіп, барынша қуаттылықпен жұмыс істеуде. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, олар бөлшек сауда мен амбулаториялық және стационарлық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін де өнімдерді үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуде. Бұл жоғары деңгейдегі кездесулердің нәтижесі. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен еліміздің бас дәрігері Алексей Цой 25 отандық фармацевтикалық зауытпен және дистрибьюторлармен нарықты неғұрлым сұранысқа ие дәрілік препараттармен жедел қамтамасыз ету туралы келісімге қол жеткізді.