Батыс Қазақстан облысында биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 17 көп пәтерлі тұрғын үйдің және ауылдық жердегі 139 тұрғын үйдің құрылысына - 21,1 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

«Жыл соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде кезекте тұрғандар мен салымшыларына бюджет қаражаты есебінен 1083 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге көп. Орал қаласында іске асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – Ақжайық шағын ауданының құрылысы. Қазіргі таңда инженерлік желілер өткізіліп, тұрғын үйлер салуға алғашқы инвесторлар да анықталды. 2021 жылы бұл ауданда тұрғын үй құрылысы басталады. Бұл өз кезегінде өңірдің құрылыс саласының дамуына тың серпіліс береді», - деді облыс әкімі өз сөзінде.

Сондай-ақ өңір басышысы жеке тұрғын үй құрылысы мәселесі жаңа деңгейге көтерілетінін айтты. Жер учаскелері 10 жылға жуық уақыт бойы берілмей келген. Оралда Круглоозерное кентінде инженерлік желілер тартылғаннан кейін 2021 жылы мыңнан астам учаске кезекте тұрғандарға беріледі. Теректі ауданында - жарты мың, Қаратөбе ауданында – 144 мың жер телімі бар. Бұл ауылдағы тұрғын үй проблемаларын да, қалаға ішкі көші-қонды да шешуге көмектеседі.

Сонымен қатар, тағы 24 ауылды газбен қамтамасыз етіп, билік көгілдір отынмен қамтамасыз етуді 98,6%-ға дейін жеткізуге ниетті. Ал 32 ауылды сумен қамтамасыз етуге 7,7 млрд. теңге жұмсалады.