Жыл басынан бері Павлодар облысының экономикасына шамамен 370 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өндірістің даму қарқыны – 100,4 пайыз. Өндірілген өнімнің жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайды. Жалпы ауылшаруашылық өнімінің нақты көлем индексі - 105,5%. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әбілқайыр Сқақов өңірдегі соңғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға тоқталды.

Облыс басшысы тау-кен саласында мыс концентратының өндіріс қарқыны ерекше болғанын атап өтті.

«Электр энергиясын өндіру 1,8 пайызға артты. Машина құрылысының даму қарқыны жаман емес. Мысалы, «Проммашкомплект» акционерлік қоғамы өткен жылмен салыстырғанда темір жол дөңгелектерін 4,4 есе көп шығарды. Сонымен қатар, ферросилиций және металл өндірісі де алдыңғы қатарда. Біз бұрынғыдай өндірісті кластерлік дамытудың болашағы бар деп есептейміз. Мәселен, алюминий кластері барған сайын қалыпқа түсіп келе жатыр. Осы күні шикізаттан автомобиль дөңгелектері шығарылып келсе, жылдың аяғында радиаторлар өндірісі басталады. Мыс кластерінің де даму әлеуеті жоғары. Тек Бозшакөлдің өзінде жылына 100 мың тоннадан астам металл өндіріледі», - деді Сқақов екі бағытты да кластерлік дамыту бойынша жұмыстар қызу жүріп жатқанын атап өтіп.