Жыл соңына дейін өңірде жедел жәрдем станциясы автопаркі толық жаңартылады. 109 жаңа реанимобильдің 31-і желіге шықты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов мәлімдеді. Оның айтуынша, санитарлық көліктің 100% жаңартылуы станция тарихында алғаш рет болып отыр. Жедел жәрдемнің келу уақыты 7 минутқа дейін қысқарады.

«Бұл барлық қажеттіліктермен жабдықталған жаңа медициналық нысандарды салумен қатар, өңірде жедел көмек көрсету деңгейін арттыру жөніндегі шаралар кешенінің бір бөлігі. Былайша айтқанда, санаулы минуттар қалғанда адам өмірін сақтап қалу үшін жағдай жасалуда. Бұл тек коронавирусқа ғана қатысты емес. КВИ қарсы күрес аясында біз басқа аурулары бар науқастар туралы да ұмытпауымыз керек», - деді Сқаков.

Биыл Павлодарда 200 орындық модульді жұқпалы аурулар госпиталі салынды. Сонымен қатар, облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі, қалалық ауруханалардың бірінің қабылдау бөлімі және инсульт орталығының құрылысы жүргізілуде. Олардың өз реанимациялары болады.