Жобалар облыс тұрғындарының сұранысына қарай іріктелді. Денсаулық сақтау саласынан бастап ауыл шаруашылығына дейін барлық салалар қамтылды, бірақ тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша биыл Павлодар облысында 21 тұрғын үй салынады. Оның басым бөлігі Екібастұзға тиесілі.

«2020 жылы кеншілер мен энергетиктер қаласының бас-аяғы 1000-нан астам тұрғыны жалдамалы пәтерге ие болады. Ал Ертіс ауданында салынып жатқан үш үйдегі пәтерлер кезектегі тұрғындардың үштен бір бөлігіне беріледі. Сөйтіп, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында қолға алынған 227 жоба тұрғындарды еңбекпен ғана қамтып отырған жоқ, көп жыл шешілмей келген баспана мәселесін де шешуге ықпал етті. Сонымен бірге аулаларды абаттандыру, жолдарды асфальттау, суару инфрақұрылымын салу сияқты шаруалар да реттеліп жатыр, - деп хабарлады Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов 26 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жалпы, Павлодар облысында жыл соңына дейін жалпы аумағы 346 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға беріледі. Жалға берілетін пәтерлер 2019 жылға қарағанда 9 есе көп.