Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде елімізде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қолдауға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған дағдарысқа қарсы бірқатар шаралар туралы айтылды. Салықтық жеңілдіктер мен жергілікті деңгейдегі қолдауды ескермегенде, дағдарысқа қарсы шараларға 5,9 трлн теңге бөлінді. Оның ішінде 3,5 трлн теңгеге жуығы республикалық бюджеттен, қалғаны – бюджеттен тыс қаржы, деді ҚР қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов.

Оның айтуынша, Жұмыспен қамту жол картасын іске асыруға 1 трлн теңге қарастырылған.

«Аймақтар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып, 250 мың жұмыс орнын құрады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қосымша 1 трлн теңге бизнес субъектілерінің айналым капиталын жылдық 8% және инвестициялық жобаларды жылдық 6% жеңілдікті несиелеуге жұмсалады. Сондай-ақ, 390 млрд теңге көлеміндегі бюджеттен тыс қаржы 15 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысына қосымша бағытталатын болады», - деді ол.

Бұдан басқа, экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес субъектілерінің және ірі кәсіпкерлердің шығындарының орнын толтыру үшін 237 млрд теңге қарастырылған. Зейнетақыларды, жәрдемақыларды, атаулы әлеуметтік көмекті қосымша 10 пайыздық индекстеуге, шәкіртақыларды арттыруға және халықтың коммуналдық төлемдерін төлеуге 313 млрд. теңге бөлінді.

Мемлекеттік бағдарламаларды кеңейтуге 240 млрд теңге қарастырылған, оның ішіне агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еңбек нарығын дамыту, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелерді кепілдендіру, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдық жерлерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту кіреді. Құрылысы ұзаққа созылған үлестік тұрғын үйлерді аяқтауға 575 млрд теңге бағытталады.

«Індетке қарсы шараларды жүзеге асыруға 125 млрд теңге қарастырылған, оның ішіне медицина және басқа да қызметкерлерге төленетін қосымша ақы, инфекциялық ауруханалардың құрылысына қажетті қаржы және т.б. кіреді. Коронавирус инфекциясымен күреске Үкімет резервінен 67 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы жеке қорғаныш құралдарын, тесттер, өкпені жасанды желдетуге арналған аппараттар сатып алуға, биофармацевтикалық зауыттың құрылысына және басқа да шараларға жұмсалады», - деп қорытты қаржы вице-министрі.