Прокуратура органдарына қандай да бір, оның ішінде, дауыс беру шарттарын бұзу туралы шағымдар мен арыздар түскен жоқ. Бірақ сайлау күні қарсаңында 2 өтініш келіп түскен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин мәлімдеді. Оның айтуынша, қадағалаушы орган жедел әрекет еткен.

«Нақты айтқанда, Бас прокуратураға Алматы қаласының тұрғыны дауыс беру кабиналарында перделердің болмауына байланысты «дауыс беру құпиясының» бұзылуының алғышарттары туралы өтініш берген. Аталған өтініш құзыреті бойынша Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясына жолданды. Сол күні елорданың Есіл аудандық прокуратурасына Қазақстанның халық партиясының мүшесінен өтініш келіп түсті. Онда ол партиялық тізімге енгізілмегендігімен келіспейтінін білдірді. Прокуратура оған партияның осы шешім бойынша сотқа шағымдану құқығын түсіндірді. Өйткені бұл партияның ішкі актілерімен реттеледі. Бүгінгі таңнан бастап осы уақытқа дейін прокуратура органдарына қандай да бір оның ішінде, дауыс беру шарттарын бұзу турналы шағымдар мен арыздар түскен жоқ», -деп атап өтті прокуратура өкілі.