Қазіргі кезде ресейлік «Газпром» мекемесі мен «ҚазТрансГаз» арасында жұмыс тобы құрылды. Қазақстан көрші мемлекеттің Барнаулдан Рубцовск қаласына газ тарту жобасын кеңейтуді ұсынуда. Бүгінде Барнаул – Рубцовск – Семей - Өскемен газ құбырын салу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, уағдаластыққа қолжеткізіліп жоба іске асатын болса, 2 млн. 100 мың адам көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Қазақстанда «Сарыарқа» магистральді газ құбыры пайдалануға берілді. Өткен жылы іске қосылған жоба Қарағанды, Ақмола облыстарын және Нұр-Сұлтан қаласын газдандыруға мүмкіндік береді.

«Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілігі елді мекендерді газдандыру мәселесімен айналысуда. Елордада І және ІІ жылу орталықтарында су қыздыруды газға ауыстыру жөніндегі шаралар жоспарлы түрде жүргізіліпп жатыр. Барлығы 16 нысанды ауыстыру керек болса, төртеуі газға көшірілді. Алдағы уақытта «Сарыарқа» газ құбырының 2-ші және 3-ші кезегін жүзеге асыру жоспарланған. Бұл өз кезегінде Ақмола облысының Көкшетау қаласын, Петропавл қаласын, Солтүстік Қазақстан облысын газдандыруға мүмкіндік береді. Егер осы екі кезең жүзеге асатын болса, 800 мыңнан астам адам көгілдір отынды пайдалана алады», - деді ведомство басшысы.

Оның мәліметінше, қазіргі кезде елімізде газдандыру деңгейі 51,5 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 53 пайызға жетеді. Ал 2025 жылы оны 55 пайызға дейін арттыру көзделген.