Соңғы жылдары ЕАЭО кедендік әкелу баждары сомаларының өсу серпіні байқалуда. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Қанат Баеділов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

«Біздің еліміз Одақ жұмысы шеңберінде бюджетке қосымша 370 млрд теңге қаражат алып, осындай түсімдердің оң сальдосына ие болып отыр. Яғни, іс жүзінде біздің басқа елдерге бергенімізге қарағанда аларымыз көбірек. Бірыңғай кедендік қағидалар мен тәсілдер транзиттік тасымалдау уақытының өзін де, сол сияқты бизнестің қаржылық шығындарын да айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Мысалы, егер Одақ құрылғанға дейін Еуропадан Қазақстанға тауарларды транзиттік тасымалдау 7 күннен 15 күнге дейін уақытты алған болса, қазір – 5 күннен 10 күнге дейін қысқарды», - деп еске салды Қ.Баеділов.

Бұған Одақтың ішкі шекараларында кедендік бақылауды алып тастау, бірыңғай транзиттік декларация мен кепілдік тетіктерін енгізудің арқасында қолжеткізілді. Транзиттік жүктерді онлайн режимде мониторингілеу мақсатында навигациялық пломбаларды пайдалану жоспарлануда.

«Жаңа технологияларды пайдаланумен жүйені дұрыс құра отырып, біз қазақстандық тасымалдаушыларға Одақтың бүкіл аумағы бойынша транзит еркіндігін қамтамасыз етеміз, өйткені оларда бірнеше күннің ішінде тауарларды ешбір кедергісіз жеткізуге мүмкіндік болады», - деді Баеділов.

Сонымен қатар, ЕАЭО кеңістігінде тауарларды қадағалау жүйесін енгізу халық денсаулығының қауіпсіздігін және оның хабардарлығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңашылдық біздің аумағымызға ықтимал қауіпті, тыйым салынған тауарларды әкелу қаупін азайтады, тауарлар мен қызметтердің сапасын арттырады. Ол үшін құқықтық база құрылды.