Аурудың тұрақты өсуі, бір жағынан, тестілеуден өтетін адамдар санының артуымен, екінші жағынан қала тұрғындарының мереке және демалыс күндері шектеу шараларын сақтамаумен байланысты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Оның айтуынша, қалада аурудың алдын алу бойынша бірқатар шаралар кешені қолға алынған: індетті ерте анықтау, тиімді емдеу, вирус тасымалдаушыларды зертханалық тексеру, науқастарды және олармен байланыста болған адамдарды оқшаулау. Салынған айыппұлдар сомасы 31 млн теңгеден асты. 33 кәсіпкерлік субъектісі бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы елемей, қайта бұзушылық жасаған. 12 кәсіпкерлік нысанның қызметі сот шешімімен тоқтатылды.

«Әкімшілік жауапкершіліктен жалтару мақсатында кәсіпкерлік субъектілері жеке тұлғалармен, оның ішінде өз қызметкерлерімен «жалған» жалдау шарттарын ресімдеуді жалғастыруда, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің (ЖШС, ЖК) атауларын өзгертуде. Мысалы: «Алания» түнгі клубы, оған қатысты қызметін тоқтата тұру туралы сот шешімі шыққан, алайда ол «ARSLAN» ЖШС болып қайта ресімделді. «ZOLOTO» мейрамханасы, кәсіпкерлік субъектісі «Золото-Астана» ЖШС бірнеше рет шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, содан кейін үлкен әкімшілік айыппұлдарды болдырмау үшін жеке тұлға Д. М. Темірболатовамен жалдау шартын жасасты. Бірақ бұл шаралар тұрақты бола алмайды, өйткені олар өмірдің барлық салаларына әсер етеді», - деп атап өтті Бейсенова.