Пандемия сатып алу құрылымына қатты әсер етті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз отырысында Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов мәлімдеді. Бұл, ең алдымен қажетті тауарлардың басымдықтарына байланысты.

«Бұл медициналық жабдықтар, медициналық қорғаныс құралдары және өкпені жасанды желдету аппараттары. Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік сатып алу көлемі артты. Бұл пандемиямен күресуге қосымша қаражат бөлінгеніне байланысты», - деп түсіндірді С.Ахметов.

Оның айтуынша, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін 500 млрд.теңгеге шығыстар оңтайландырылды. Жұмыс Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша жүргізілді.

«Көптеген басым емес шығыстарды бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджет қаражатын үнемдеу есебінен жүзеге асыратынын ескере отырып, біз үнемдеу есебінен алған қаражаттың жұмсалуын бақылауды күшейтеміз», - деп ескертті спикер.