Наурыз айында коронавирус тарала бастағанда Білім және ғылым министрлігі жедел түрде жағдайды өз қолына алып, қашықтан оқытуға көшті. Бұл ретте қате жіберілген жоқ деуге болады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов осындай пікірін жеткізді. Нәтижесінде, жазғы сессия да, Ұлттық бірыңғай тестілеу де дұрыс өтті. Орын алған белгілі бір алаңдаушылықтар, проблемалар қысқы сессияға дайындық кезінде ескеріледі.

«Бұл тек қана ұйымдастыру мәселесі ғана емес, бұл методиканы көтеру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Бұл қаржылық, материалдық қолдауды да қажет етеді. Үлкен қаржылай көмек көрсетудің арқасында өз инфрақұрылымымызды күшейтіп алдық. Білім және ғылым саласында қашықтан оқыту жаңалық емес. Бірақ бірден осындай көлемде болуы, бұл оқыс оқиға деуге болады», - деді Е.Сыдықов.

Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасымен білім және ғылым саласына көп көмек көрсетілді. Соның ішінде педагог мамандығын таңдаған жастардың студенттік шәкіртақы көтерілді, алдағы уақытта, жалпы, студенттік шәкіртақы екі есеге артады. Министрліктің тікелей тапсырмасымен ЖОО мұғалімдерінің еңбекақысы өсті.