Қазіргі кибер оқу-жаттығуларында неге киберқауіпсіздік сертификаты жасалды? Өткен жылы Президент бұл жүйе ел қауіпсіздігіне тікелей қауіп төнген жағдайда ғана қолданылады деп айтқан болатын. ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықовтың айтуынша, бұл тексеру үшін қажет.

«Бүгінгі кибер оқу-жаттығуларында біз функционалдың бар екеніне, оның жұмыс істейтініне тағы да көз жеткіздік, өзіміз үшін проблемалық мәселелерді анықтадық. Осы проблемалық мәселелерді шешумен айналысатын боламыз, егер аяқ астынан оны қолдану қажет болса, онда азаматтарымызға қолайсыздық туғызбай барынша қолдану үшін», - деді ведомство басшысы.

Неге жетекші шетелдік платформалар қазақстандық қауіпсіздік сертификатын қосудан бас тартты? Жүйе трафикті пайдаланады, парольдерді сақтайды және деректерді көпшілікке тарату қаупі бар ма? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналист өз отандастарының алаңдаушылығын жеткізді. Спикер сертификаттың қауіпсіз екендігіне сендірді. Ол барлық техникалық стандарттарға сәйкес келеді және басқалардан кем емес.

«Компьютеріңізді немесе смартфоныңызды ашып, сертификаттар бөліміне кіріңіз. Ол жерден бүкіл әлем бойынша орнатылған жүзге жуық сертификаты көресіз. Неміс, бразилиялық, жапон, корей... Бұған қоса, қазақстандық сертификатты орнатсақ, түк те болмайды. Бұл бізде заңмен қарастырылған. Оның үстіне, жүйе автоматтандырылған режимде жұмыс істейді: пайдаланушының қайда барғанын, не істегенін, қандай парольдерді енгізгенін ешкім бақыламайды. Жүйе тыйым салынған контентті нүктелі бұғаттауға ғана бағытталған. Былайша айтқанда, машина трафикке қолжеткізеді және осы трафикте тек қара тізімге енген сілтемелерді ғана табуға тырысады. Егер ол анықталса, мұндай сұрау үзіліп, пайдаланушы жауап алмайды. Бұл жағдайда 404-ші парақша ашылады, яғни серверден жауап берілмейді. Егер адам сертификат орнатпаса, онда шетелдік сервистермен өзара іс-қимыл кезінде проблемалар әлдеқайда көп болады», - деп түсіндірді ақпараттық қауіпсіздік комитетінің басшысы.

Ал егер пайдаланушылардың жеке деректеріне қолжеткізе алатын үшінші тұлғалар оны пайдаланбақ болса ше?

«Біріншіден, адамдар онымен жұмыс істемейді. Екіншіден, біздің азаматтарымызды Конституция қорғайды, жедел-іздестіру қызметі туралы заң бар, қылмыстық іс жүргізу кодексі бар, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың барлық осы әрекеттерін жоғары қадағалау органы Бас прокуратура қадағалайды. Менің ойымша, ол біреуге мәліметтерді өз еркімен алып, заңсыз пайдалануға жол бермейді. Сонымен қатар, өз өкілеттіктерін теріс пайдаланған қызметкерге қатысты қылмыстық жаза қолданылады. Біздің мемлекет бұған қатаң қарайды», - деп сендірді Руслан Әбдіқалықов.