Қазақстанда қазақ тілін оқу мектепке дейінгі кезеңнен бастап жоғары білімді қоса алғанда нормативті түрде білім беру стандарттарында қарастырылған. Академияда Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді деңгей бойынша оқыту тұжырымдамасы бекітілген, оның негізінде «QazaqResmiTest» әзірленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әдіснама авторларының бірі, Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік тілді оқыту кабинетінің меңгерушісі Нәзигүл Төленбергенова мәлім етті.

Оның айтуынша, Академияда мемлекеттік тілді оқытудың тіл саясатын кешенді түрде қарастырады. Біріншіден, тестілеуден өтушінің ағымдағы деңгейі бағаланады және оның қазақ тілін оқу траекториясы құрылады. Екіншіден, мемлекеттік тілді оқытуда кәсіби жазу және шешендік өнер дағдыларын дамытуға ден қойылады.

«Жалпы, Білім алушылардың тіл білімін 3 топқа бөледі, олардың әрқайсысы өз кезегінде 2 топқа бөлінеді. А-1, А-2 - ең төменгі деңгей. Ол қарапайым деңгей. Академияға түсетін түлектердің Академияға дейінгі білімдері В-1 шегінде белгіленді. Ол тілдік деңгей анықталғаннан кейін тыңдаушылар В-2 деңгейінде жалғастырады, яғни, ресми жазылым және көпшілік алдында сөйлеу. С-1, С-2 - эксперттік деңгей. С-1 мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілде кәсіби жазу, сөйлеу дағдылары, С-2 деңгй- мемлекеттік қызметшілердің жазылым коммуникациясы, шешен сөйлеу деңгейлері оқытылады», - деді Нәзигүл Төленбергенова.

Авторлар «QazaqResmiTest»-тің жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беретіндігіне сенімді.