Брифингте Халықаралық бақылаушы ретінде сөз сөйлеген Еуропарламент депутаты Тьерри Мариани Қазақстанда пандемия кезінде сайлау өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларының сақталуы қамтамасыз етілгенін атап өтті.

«Біз сайлау учаскелеріне келгенде, ең алдымен температурамызды тексеріп, қолғап берді. Барлық санитарлық жағдайлар сақталды, дауыс беруге келген азаматтар үшін барлығы қауіпсіз болды. Сайлау барысында біз анықтаған бұзушылықтарға келсек, жағымсыз ештеңе тіркелмегенін атап өтуге болады», - деді Еуропарламент депутаты.

Марин Ле Пен партиясының екінші өкілі, Еуропарламент депутаты Жан-Лан Лакапель де қазақстандық тарапқа жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, өткізіліп жатқан сайлауға жоғары баға берді.

«Францияда наурыз айында аймақтық сайлау өткізілуі тиіс болатын, бірақ пандемияға байланысты кейінге қалдырылды. Біздің Үкімет, өкінішке орай, Қазақстандағыдай санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай алмайды», - деді француз мемлекет қайраткері.

Сөз соңында Жан-Лан Лакапель Францияға оралғаннан кейін өз отандастарына Қазақстандағы сайлаудың барлық халықаралық нормаларға сай өткенін, демократиялық қағидаттар мен талаптарға толық сәйкес келгенін айтып беретінін айтты.