Індет енді ғана тарала бастағанда АИТВ мен ЖИТС ауруларынан көп адам қайтыс болды. Бұл тұрғыдан ЖИТС КВИ-ге ұқсайды. Адамдар аурулар туралы аз білді, емдей алмады, бұл көптеген қауесеттердің тарауына, стигмалар мен кемсітушіліктің орын алуына әкелді. Орталық Азиядағы ЮНЭЙДС кеңсесі директорының м.а. Габриелла Ионашку өз баяндамасында тарихқа көз жүгіртті.

«2020 жылы бүкіл әлемнің назары коронавирустық пандемияға және оның адамдардың өміріне және әл-ауқатына әсеріне ауды. Бұл пандемия бізге денсаулық пен денсаулық сақтау мәселелерінің теңсіздікпен күрес, адам құқықтары, гендерлік теңдік, әлеуметтік қорғау және экономикалық өсім сияқты басқа да маңызды мәселелермен қаншалықты тығыз байланысты екенін тағы бір рет көрсетті. Заманауи емдеу әдістерінің арқасында АИТВ-мен және ЖИТС-пен ауыратын адам қалыпты өмір сүре алады. Оларды Қазақстанда да емдейді. АИТВ-ның алдын алуға арналған препараттар, байланыс профилактикасы, қызметтер интеграциясы, вирустық жүктемені белгісіз деңгейге дейін басу сияқты революциялық, жаңа тәсілдер АИТВ-ның басқа адамға берілу қаупін толығымен жояды. Кешенді жыныстық ағарту адамдарға өздерін АИТВ жұқтырудан қорғауға, ал онымен бірге тұратын адамдарға үйреншікті өмір салтын жүргізуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті спикер.

Ионашкудың айтуынша, Қазақстан – АИТВ-мен ауыратын науқастарды емдеу және медициналық сүйемелдеу бойынша ДДСҰ-ның соңғы ұсынымдарын ұстанатын өңірдегі сирек кездесетін елдердің бірі. Еліміз барлық қажетті препараттар мен тестілерді мемлекет қаражаты есебінен сатып алады, көптеген адамдар өздерінің АИТВ-мәртебесі туралы құпия түрде біле алады. Қазақстанда пилоттық жоба ретінде қолданыла бастаған тәжірибе жақсы нәтижелер беруде. Жүкті әйелдер мен нашақорлар арасында АИТВ-инфекциясын жұқтыру жағдайларының азаюына қолжеткізілді. Қазақстандықтардың 13%-ы жыл сайын тестілеуден өтеді.

Сарапшы арнайы әдебиеттерді көбірек оқып, адамдарға өзін және жақындарын қорғауға кеңес берді.