Қазақстанда 9,5 мыңға жуық әйел бедеулік бойынша медициналық ұйымдарда есепте тұр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті.

«Қазіргі уақытта «пробиркадан» 22 000 астам бала дүниеге келді. Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы ақпараттық жүйесінің мәліметінше, бедеулікпен есепте 9467 әйел тұр», - деді Б. Қожахметов.

Экстракорпоралдық ұрықтандыру бағдарламасы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі жүйесіне 2010 жылдан бастап енгізілген. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда 26 ЭКО орталығы жұмыс істейді, оның ішінде 21-і – жеке меншік орталық.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды және ЭКО бағдарламалары бойынша квоталар санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есеге дейін арттыруды тапсырған болатын.