Қазақстанда коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардан қауіпсіздік талаптарын сақтауды және алдағы мерекелерді үйде өткізуді сұрады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.

«Біздің елімізде бүгінгі күні COVID-19-дың оң нәтижесімен 152 460 науқас және КВИ-мен 45 442 жағдай тіркелген. Бүгінгі күні сауыққан адамдардың пайызы 87%-ға дейін өсті, ал маусым-шілде айларында бұл пайыз 60% - дан асқан жоқ. Елімізде эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығы сақталып отыр. 28 желтоқсандағы жағдай бойынша республика тәуекел дәрежесі төмен аймақтан тәуекел дәрежесі орташа аймаққа – жасыл аймақтан сары аймаққа ауысты. Тәуекел дәрежесі жоғары немесе қызыл аймақта Атырау облысы қалды және Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары осы аймаққа ауысты. Сары аймақта немесе тәуекелі орташа аймақта – 3 өңір: Солтүстік Қазақстан облысы, Нұр-Сұлтан қаласы Алматы», - деді бірінші вице-министр.

Өткен жылы Қазақстанда вирусты зертханалық диагностикалау бойынша мүмкіндіктері айтарлықтай артты. Коронавирустық инфекция пандемиясы басталғалы COVID-19-ға ПТР әдісімен тестілеу 2020 жылғы сәуірде қолға алынды және тәулігіне жалпы қуаты 6000 тест болатын 19 зертханада жүзеге асырылды, ал бүгінгі күні КВИ-ды диагностикалауды тәулігіне жалпы қуаты 100 мың зерттеу болатын 132 зертхана мен биологиялық материал алатын 48 пункт жүзеге асырады. Бүгінгі күні 5 млн астам зерттеу жүргізілді, күн сайын зертханалар 40 мыңға дейін тест жүргізеді.