Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау аясында ҚР Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп шамадан тыс нақтыланған нормаларды айқындау үшін заң актілеріне ревизия жүргізуді жоспарлауда. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

Мемлекет басшысы пандемия тәжірибесін ескере отырып, құқықтық регламенттеу деңгейлері арасында теңгерімділікті қамтамасыз етуге бағытталған тетіктерді әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, Президент атқарушы билік қызметінің шамадан тыс заңнамалық регламенттелуі орын алған проблемаларға шұғыл ден қоюға кедергі келтіргенін атап өтті.

Сондықтан аталған мәселені 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасы жобасының аясында қарау тапсырылды.

«Аталған мәселені іске асыру бойынша алдын ала тәсілдер туралы айтқанда, нақты құқықтық қатынастарда икемді реттеуді қамтамасыз ету мақсатында қайта қаралатын, шамадан тыс нақтыланған нормаларды айқындау үшін заң актілеріне ревизия жасау көзделген», - деді Марат Бекетаев.