Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында шілде айымен салыстырғанда жедел медициналық жәрдем бригадаларына түсетін жүктеме 6 есеге төмендеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният хабарлады.

«COVID-19 күдігімен жедел жәрдем қоңырауларының саны азайды. Шілде айында тәулігіне орта есеппен шақыртулар саны 3 мың, тамызда – 1 мың, қыркүйекте – 500-700 құрады», - деді А.Ғиният.

Оның ақпараты бойынша, 2020 жылдың 8 айында жалпы шақырулар саны 7,8% азайып, 5 050 472 құрады.

«2020 жылы 807 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынды, қосымша 360 бірлік сатып алынады», - деп атап өтті вице-министр.

Жалпы, жедел жәрдем деңгейінде қазіргі уақытта 1400 бригада жұмыс істейді, олардың үштен бірінен астамы ауылдарда. Республикада күніне орта есеппен 17 мың шақыртуға қызмет көрсетіледі, оның 3,6% жоғарғы тыныс алу жолдарының вирустық инфекциялары белгілерімен.