Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация басталды. Бірінші кезеңде Ресейлік «Спутник V» вакцинасы сатып алынды. Рекордтық қысқа мерзімде Қарағанды фармацевтикалық кешені базасында «Спутник V» вакцинасы өндірісін оқшаулау жүзеге асырылды. Өнімді жеткізу ағымдағы жылдың 24 ақпанында басталды. Сондай-ақ, сәуір айында ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ҒЗИ әзірлеп жатқан «QazCovid-in» отандық вакцинаны қолдану жоспарланған.

«Қазақстанда жеке әзірлеушілердің, сондай-ақ вакциналарды өндіруге арналған оқшауландырылған алаңдардың болуы – бұл вакцинамен қамтамасыз етумен байланысты тәуекелдерді барынша азайту және республикамызда эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға айтарлықтай әсер ету мүмкіндігі. Осылайша, 2021 жылы 6 млн астам адамға екпе жасау жоспарланып отыр. Халықтың иммунопрофилактикасы үшін біз e-gov mobile «Вакцинация» сервисін, sms-хабарламаларды, жеке кабинетті пайдалану, сондай-ақ «Цифрлық құжаттар» сервисіне вакцинация паспортын енгізу арқылы IT-технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланамыз», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Айта кетейік, вакцинация жүргізу туралы деректер министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жүргізіледі. Бұл екпе алғандардың есебін жүргізуге және болашақта вакцинация көлемін жоспарлау және сырқаттанушылықты болжау үшін халықтың иммундық мәртебесін қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, министрлік профилактикалық егулерді жүргізу, вакцинаны тасымалдау және сақтау кезінде суық тізбек шарттарын сақтау мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдерді әзірлеп, бекітті. Вакцинация тактикасына 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды.

«Бүгінде бәрімізге үйреншікті өмірге карантинсіз оралуға вакциналау ғана мүмкіндік беретінін бүкіл әлем түсінді. Осыған байланысты барлық өңірлер иммунопрофилактика мәселелері бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет. Жаппай вакцинация, маска тағу режимін қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтау елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз етеді және өзін-өзі оқшаулау мен карантинге балама болып табылады», - деп еске салып өтті ведомство өкілі.