ЖРВИ-ді тіркеу 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында өскеніне қарамастан, тамыздан бастап сырқаттану жағдайларының төмендегені байқалады. Мұндай мәліметтерді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният келтірді.

«Өткен жылмен салыстырғанда, 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында ЖРВИ-дің тіркелген жағдайларының саны 35,9%-ға артып, 2 953 511 жағдайды құрады. Биылғы жылдың тамыз айында тіркелген жағдайлардың саны 30%-ға азайды. Қыркүйектің 4 аптасында ЖРВИ тіркелген жағдайлардың саны 263 775 жағдайды құрады, ал 2019 жылдың қыркүйегінде 378 267 жағдай тіркелді», - деп хабарлады А.Ғиният.

Ол жыл сайын күзгі-қысқы кезеңде жоғарғы тыныс алу жолдарының вирустық ауруларының өсуі байқалатынын атап өтті. Ал коронавирустық инфекция эпидемиясы жағдайында эпидемиялық жағдай нашарлауы мүмкін. Сондықтан министрлік өңірлермен дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Бірінші кезекте, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын дайындау жүргізілуде. Бүгінде еліміз бойынша 12,3 мың учаскеге қызмет көрсететін 577 емхана жұмыс істейді.

«Емханаларда медициналық қызметкерлер мен пациенттердің санитарлық-гигиеналық талаптарын сақтау үшін жағдай жасалған: әлеуметтік қашықтықты сақтау шартымен, көрсеткіштері бар лас және таза аймақтарға бөлінген. Медицина қызметкерлері термометрлермен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Пациенттерге арналған санитайзерлер орнатылған, қызбаға шалдыққандарға, жүкті әйелдер мен балаларға арналған жеке сүзгілер, сондай-ақ COVID-19-ға күдікті пациенттерге арналған карантиндік үй-жайлар ұйымдастырылған», - деп хабарлады вице-министр.

Амбулаториялық пациенттерде тыныс алу жетіспеушілігін ерте анықтау үшін емханалар 25,5 мың пульсоксиметрмен қамтамасыз етілген. Тәуекел топтарына қызмет көрсету үшін халықтың төртінші санатына қызмет көрсету үшін 3640 мобильді бригада және 550 жедел жәрдем бригадасы өз жұмысын жалғастырады.

«Жоспарлы пациенттерді қабылдау алдын ала жазылу бойынша жүргізіледі, қашықтықтан медициналық қызметтер көрсетіледі. Барлық емханалар өз жұмыстарын штаттық режимде жалғастырады», - деп сендірді А.Ғиният.

Оның айтуынша, Министрлік өкілдері барлық өңірлерге барып қайтты. Медициналық ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңге дайындығын бағалады, сондай-ақ нақты және жүйелі проблемалар бойынша әкімдіктермен жұмыс жүргізді. Сонымен қатар, семинарлар ең жақсы тәжірибелер мысалында ұйымдастырылды және өткізілді.