Ағымдағы жылдың соңына дейін күтілетін коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайын болу үшін Денсаулық сақтау министрлігі пессимистік болжамдарға негіздеме жасады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.

«Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың алдағы тәуекелдерін болжау мақсатында осы саладағы білікті сарапшыларды іске тартты», - деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, табан астында туындайтын тәуекелдерге тас-түйін дайын болу үшін алдын ала сараптамалар, зерттеулер жүргізілуде.

«Қолданыстағы адами әрі материалдық ресурстарды айтып келмейтін күрделі жағдайларға әбден әзірлеу кезек күттірмес мәселе», - деді Б. Қожахметов.

Мемлекет басшысы індетке қарсы күрес мәселесі жөнінде бірнеше жиын өткізгені мәлім. Нәтижесінде, барлық жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Мемлекеттік деңгейде қабылданған кешенді іс-шаралар еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға және алдағы қара күзде келеді деп болжанған індеттің екінші кезеңіне жан-жақты дайындық жүргізуге айрықша әсер етті.

«Үкімет және басқа да мемлекеттік органдар індетке қарсы күрес кезінде тиімді тәжірибе жинады. Қазіргі таңда қажетті ресурстардың артық қоры жасақталды. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақыттың болжамдары негізінде ғана емес, дәл қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты да нақты әрекет етуде. Президент жанындағы арнайы мемлекеттік комиссия мен биліктің басқа да атқарушы органдары кез келген жағдайға дайын болудың қамын жасауда»,- деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Б. Қожахметов.