Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы UMC-клиникаларын, Республикалық диагностикалық орталық пен Назарбаев Университетінің зертханаларын бір жобаға біріктіріп, арнайы ковид-орталық құру бастамасын көтеріп отыр. Онда COVID-19-бен ауырған науқастарда ковидтан кейінгі синдром, ауырғаннан кейін бір жылдан бір жарым жылға дейін сақталатын ауру салдары зерттелетін болады. Жоба туралы «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрайымының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова айтып берді.

«COVID-19 жеңіл түрімен ауырғандар да бас ауруы, есте сақтау, көру, есту қабілетінің төмендеуі белгілерімен дәрігерлерге жүгінеді. Ковидиндуцияланған қант диабеті бары белгілі, бауырда, бүйректе, ішекте өзгерістер орын алады. Инфекция бүкіл ағзаны зақымдайды. Ауырып жазылғандардың барлығын біздің клиникамызға шақырамыз, амбулаторлық тексерілуге жазылыңыздар. Науқастардың көбінде пневмониядан кейін өкпедегі талшықты өзгерістердің белгілері байқалады. Ауруханадан жазылып шықса да, олар оттегі концентраторларын қолдануға мәжбүр. Ондай науқастарды да шақырамыз. Бізде өкпе трансплантациясы бағдарламасы бар. Оның аясында емдеу түрін анықтауға болады», - деді кардиоорталық басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айта кетейік, ғылыми және практикалық компоненті бар жоба пациенттерді зерттеп қана қоймай, COVID-19-дан зардап шеккендердің ауырлығына қарай оңалтудың тиімді бағдарламасын әзірлеуге мүмкіндік береді. Қазақстандық ғалымдар Вашингтон орталығымен, Нью-Йорктегі медициналық клиникалармен, Ганновердегі Жоғары медицина мектебімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.