Қаңтардың алғашқы жұмыс күнінен бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделуге ақы төлеу немесе басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру құқығын беретін Заңды орындау жұмыстары басталды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов науқанның алғашқы қорытындылары жайлы баяндады.

Ол науқанға қатысушылар, ең алдымен, өз жинақтарын тексеріп, жеткіліктілік шегінен асатын соманың бар екеніне көз жеткізуі керек екенін еске салды. Ақпаратты электронды форматта алуға болады.

Оны enpf.kz сайтында жеке кабинеттен немесе ЭЦҚ пайдалана отырып, мобильді қосымшадан немесе telegram бот арқылы пайдаланушының логині мен паролімен электрондық поштаға, не болмаса «Азаматтарға арналған электрондық үкіметтің» мобильді қосымшасы арқылы алуға болады.

Ағымдағы жылғы 5-31 қаңтар аралығында БЖЗҚ-ға түрлі арналар арқылы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме сұрап, 1,2 миллионнан астам салымшы мен алушы жүгінген. Оларға 3,7 млн үзінді көшірме берілді. Бұл ретте үзінді көшірменің 96%-дан астамын азаматтар қашықтан және 4%-ға жуығын БЖЗҚ бөлімшелерінде өздері жүгінген кезде алды.

«Азаматтар өз шотының жай-күйі туралы ақпарат алып, ең төменгі қажетті жеткіліктілік сомасынан асатын соманы пайдалану туралы шешім қабылдап, өтінім беруге және тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін зейнетақы жинақтарын нысаналы пайдалану шарттарына байланысты барлық мәселелерді уәкілетті операторларға «бір терезе» қағидаты бойынша жібереді және БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді. Барлық процесс автоматтандырылған», - деп қорытты Қор басшысы.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ 4 банкпен өзара іс-қимыл туралы келісім жасасты: «Отбасы банк «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит»АҚ.