2020 жылдың қорытындысы бойынша амбулаториялық-емханалық деңгейде халыққа 215 млн. жуық қызмет көрсетілді. Амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыруды ұлғайту – ӘМСҚ басымдықтарының бірі болып қалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасы Болат Төкежанов мәлімдеді.

«110 миллион қабылдау, оның ішінде 33 миллионға жуық бейінді мамандардың қабылдауы, 65 млн. зертханалық диагностика қызметі, шамамен 28 млн. процедура мен манипуляция, 11 млн. диагностикалық қызмет, оның ішінде 454 мың КТ / МРТ, 2,8 млн. УДЗ, 13,5 мың ПЭТ диагностикасы кіреді. Емханалар арқылы көрсетілген барлық консультациялық-диагностикалық қызметтің негізгі бөлігі медициналық сақтандыру есебінен төленген. Өткен жылы күндізгі стационарға 1 млн. астам адам жатып емделді, оның ішінде ТМККК шеңберінде – 508 мың және МӘМС жүйесінде - 578 мың емдеуге жатқызу. 2,7 млн-ға жуық пациент тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда ем алды. Шұғыл госпитализация жағдайлары айтарлықтай төмендегенін атап өткен жөн. Жалпы құрылымда шұғыл көмек 62%-ды құрайды. Шұғыл ауруханаға жатқызу науқастың асқынулармен немесе кеш анықталған диагнозбен түскенін көрсетеді», – деді Болат Төкежанов.

Сонымен қатар, жоспарлы емге қолжетімділік те артты: пациенттердің 86% бір күннен он күнге дейінгі мерзімде стационарларға орналастырылды және тек 5%-ы 30 күннен астам уақыт күтті.