6 қазаннан бастап шетел азаматтарында Қазақстанға кіру үшін міндетті түрде ПТР-тесттің нәтижесі теріс анықтама болуы тиіс. Бұл құжат болмаған жағдайда олар екі күндік карантинге стационарға жатқызылады.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың айтуынша, норма енгізілгеннен кейін бірінші тәулікте елге 1912 адам ұшып келген, 484 адамның анықтамасы болмаған. Олардың барлығы тексеру үшін оқшауланды. Қалалар бөлінісінде: Нұр-Сұлтанға 509 жолаушы ұшып келді, 177-і карантинге жатқызылды. Алматыда - 1228, 278-сі анықтамасыз.