Төтенше жағдай режимі басталғалы бері күн сайын интернетке қосылу бойынша 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді. Оның айтуынша, компания өтініштердің басым бөлігін атқарды және абоненттердің негізгі бөлігі сымды және сымсыз технологиялар бойынша қосылуда.

Ұлттық компания төрағасы атап өткендей, ауылдық елді мекендер бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) салу жобасы аясында биыл 9 мың шақырымнан астам ТОБЖ тартылды, оған 828 ауылды қосу жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2,5 мыңға жуық мемлекеттік мекеме – жергілікті өзін-өзі басқару органдары, полиция бөлімшелері, ауруханалар мен мектептер жоғары жылдамдықты кеңжолақты интернетке қолжеткізеді. Талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу негізінде еліміздің ұялы операторлары мобильді интернетпен қамту желілерін салады.

«Жоба барлық облыс орталықтарында қолға алынды, кейбір облыс орталықтарында оны іске асыру аяқталды. Жыл соңына дейін барлық қажетті ауылдар қосылады. Бұдан басқа, 250-ден артық адам тұратын елді мекендерді қосу бойынша меморандумдарға қол қойылды. «КСелл» және «Алтел/Теле2» операторлары базалық станцияларды орната бастады және жыл соңына қарай ауылдарды интернетке қосу аяқталады», - деп толықтырды Қ.Есекеев.

Сөз соңында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы журналистерге компанияның оқу жылының басына барынша дайындалғанын және интернетпен қамтамасыз ету бойынша қажетті сервис пен қызмет сапасын қамтамасыз ететінін жеткізді.