QazCovid-іn отандық вакцинасын бірінші кезеңде шамамен 2 млн. доза көлемінде өндіру жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.

«Вакцина белсендірілмеген вирус пен зиянсыз адъювантқа негізделген, бұл технология уақытпен тексерілген және А гепатитіне, менингококк инфекциясына, тұмауға, іш сүзегіне, кене энцефалитіне және т.б. қарсы бұрыннан пайдаланылып жүрген вакциналарды өндіруде қолданылады. QazCovid-in вакцинасын COVID-19-ға қарсы клиникалық зерттеудің I және II фазаларының нәтижелері жақсы әрі қауіпсіз екедігін көрсетті. Кейбір жағдайларда вакцина енгізілген жерде қызару, аздап күйдіру, шаншу байқалды, бұл ағзаның иммундық жүйесінің енгізілген вакцинаға реакциясы болып табылады. Бұл белгілер зерттеу хаттамасында күтілетін құбылыс ретінде қарастырылған», - деді М. Шоранов.

Спикердің атап өтуінше, «SARS-CoV-2» вирусына қарсы вакцинаның жоғары иммуногендік белсенділігі орнатылған. Ол екі рет вакцина алғаннан кейін анық көрінеді және тиімділігі 96 пайызды құрайды.

11 қаңтарда клиникалық зерттеулердің ІІІ кезеңі аясында вакцина 3000 еріктіге егілді. Қазіргі уақытта зерттеуге қатысушыларға динамикалық бақылау жүргізілуде.

Вакцинациядан қорғаныс әсері бірінші доза егілгеннен кейін 12 күн өткен соң біліне бастайды, бірақ толық қорғауды қамтамасыз ету үшін екі доза алу қажет, оларды 19-дан 23 күнге дейінгі аралықпен егу ұсынылады. Вакцина 40-тан 50 күнге дейінгі зерттеулерге сәйкес ағзаның иммундық реакциясын тудырады.