Бүгінгі таңда ұшқышсыз ұшатын аппараттар қолдану қарқыны артып келеді. Ел әскері ұшқышсыз ұшатын аппараттармен 2013 жылдан бастап жабдықталуда. Қазір ондаған кешен бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев журналистің сұрағына берген жауабында мәлімдеді.

Оның айтуынша, түрлі оқу-жаттығулар мен әскери халықаралық ойындарда ұшқышсыз ұшатын аппараттардың қатысуымен конкурстар ұйымдастырылады.

«Мысалы, Қазақстанның Қорғаныс министрлігі 2017 жылы бірінші болып осы ұшқышсыз ұшатын аппараттардың есеп топтарының сайысын өткізуді ұсынды. Халықаралық армия ойындарының шеңберінде мұндай сайыс Қазақстан аумағында жыл сайын өткізіледі. Сондай-ақ қазақстандықтар бұл сайыста ұдайы көш бастайды», - деді ведомство басшысы.

Н.Ермекбаев қазіргі кезде қосымша жаңа ұшқышсыз ұшатын аппараттар сатып алу жоспары әзірленгенін, сондай-ақ бұл бағытты дамыту және одан әрі күшейту көзделгенін атап өтті.