Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжатқа енгізілген түзетулер қоғамдық кеңестердің қызметін одан ары жетілдіруді көздейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызмет алаңында өткен брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов мәлім етті. Оның айтуынша, қолданыстағы заңға 40 жаңа норма мен 28 түзетілген (өзгертілген) норма енгізілді.

«Жалпы қолданыстағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның өзі 2015 жылы қабылданған болатын. Уақыт көрсеткендей, құжат та, қоғамдық кеңестер де өз-өзін ақтады. Бүгінгі ұсынылып отырған түзетулер тек олардың қызметін одан ары жетілдіруді көздейді», - деді Б.Тлепов.

Вице-министр осы уақытқа дейін қоғамдық кеңестер азаматтармен тұрақты байланыстың маңызды институты ретінде толықтай қалыптасқанын атап өтті.