Бұрынғы экологиялық нормаларға сәйкес, барлық 20 мың кәсіпорын қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімінен өтті. Енді, жаңа Экокодекске сәйкес, бұл тек кейбірі үшін ғана міндетті болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте экология министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.

«Жаңа Экокодекске сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалаудың міндетті процедурасынан тек бірінші санаттағы ірі кәсіпорындар өтеді. Бұл шамамен 2600 кәсіпорын. Осылайша шынымен экологиялық қауіпті объектілерге баса назар аударылатын болады. Сонымен қатар, қоғам өкілдері қоршаған ортаға әсерді бағалаудың 4 кезеңіне қатысатын болады. Екінші санаттағы объектілер скринингтен өтеді. Яғни, қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажет немесе қажет емес екендігі анықталады.

Үшінші санаттағы объектілер хабарламалық негізде жұмыс істейді. Осылайша әкімдіктер үшінші санаттағы объектілерден шығарындылардың, төгінділердің саны, жинақталатын және берілетін қалдықтардың көлемі көрсетілетін декларациялар қабылдайтын болады.

Ал төртінші санаттағы объектілер реттеуден толық босатылады. Бұл ретте бірқатар кәсіпорындар үшін қоршаған ортаға әсерді бағалаудан өту қажеттілігінің болмауы оларды мемлекеттік экологиялық бақылаудан босатпайды. Яғни барлық кәсіпорындар экологиялық талаптарды сақтауға міндетті», - деп ескертті ведомство басшысы.

Анықтама үшін, 3-санаттағы объктілерге ЖҚС, қоймалар, жиһаз цехтары, бетон өңдеу тораптары және қызметі жергілікті, қоршаған ортаны ластаудың елеусіз сипатындағы өзге де объектілер жатады.
4-санаттағы объектілері -автожуу, ТҚО, қоғамдық тамақтану объектілері, қуаттылығы аз қазандық қондырғылары бар микробизнес объектілері.