Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдің 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерімен таныстырып өтті.

Оның мәліметінше, өңірде өнеркәсіптік өндірісі 6,9%, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі–19,3%; ауыл шаруашылығы – 21,3%; инвестициялар мен негізгі капитал – 11,0%; құрылыс жұмыстары – 23,0%; тұрғын үйлерін пайдалануға беру – 9,5% құрады. Инфляция көлемі – 5,4%.

«Короновирустық инфекцияның алғашқы толқыны кезінде барлық дерлік өнеркәсіптік кәсіпорындар әдеттегідей жұмыс істеді, шығарылатын өнім көлемдері сақталды. Олардың барлығында өндірістің іркіліссіздігін қамтамасыз ету, шикізат жеткізу, жұмыспен қамтуды сақтау бойынша шараларды көздейтін дағдарысқа қарсы жоспарлары бар. Аграршылар көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын да уақтылы жүргізді. Сондықтан, бүгінгі күні жыл қорытындысы бойынша біз жалпы өңірлік өнімнің шамамен 3% өседі деп күтілуде», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, тоқырауды және одан кейінгі экономикалық құлдырауды болдырмау үшін облыста индустрияландыру бағдарламасы белсенді іске асырылуда, оның нәтижесінде өнеркәсіптік секторда дамудың оң серпіні мен құрылымдық өзгерістер тіркелді.

«Индустрияландыру жылдарында бізде 157,1 млрд теңгенің 92 инвестициялық жобасы іске асырылды, 6147 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде, облыста өңдеу көлемінің 5,4 есе, ал еңбек өнімділігінің 3,1 есе өсімі қамтамасыз етілді», - деді Архимед Мұхамбетов.

Бұдан басқа, өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлеміндегі өңдеу секторының үлесі соңғы 4 жылда 52%-тен, ал 2020 жылғы 10 айдың ішінде – 58,0%-тен асып түсті.

Облыс әкімі алдағы уақытта өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобаларды іске асыру басым міндет болып қалатынын атап өтті.