2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде короновирустық инфекциямен күресу жұмыстары ақпараттық күн тәртібінің басты тақырыбы болды. Жалпы барлық мемлекеттік органдардың қызметін толық ақпараттандыру мақсатында АҚДМ 2020 жылға арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» республикалық медиа-жоспарын әзірлеп, Үкіметте бекітті. Оның негізгі бағыттары Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және волонтерлар жүйесінің дамуы. Бұл туралы ведомствоның Ақпараттық жұмыс және БАҚ саласын дамыту туралы алқа отырысында вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев мәлімдеді. Наурыз бен мамыр айларында Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғанда, COVID-ке қатысты жасалып жатқан істерді халыққа тез жеткізу мақсатында үкіметтің шешімімен Республикалық коммуникациялық орталық құрылды.

«Оның жұмысына біздің министрлікпен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері белсене қатысуда. Наурыз айында Coronavirus2020.kz сайты іске қосылды. Оның ішінде статистикалық мәліметтер, инфографика, сараптамалық материалдарымен толықтырылады. Сайтты күніне 100 мың адам көреді. Сайттың ішінде Қазақстанның азаматтарынан келіп түскен 41 мыңнан астам өтінішке мемлекеттік органдар жедел жауап берді. «Telegram» мессенджерінде @coronavirus2020.kz атты ресми канал іске қосылды, оған 300 мыңнан астам оқырман тіркелген. Әәлеуметтік желілерде және мессенджерлерде таралған жалған ақпараттарды анықтап фейк екенін мәлімдеп халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында stopfake.kz сайты іске қосылды. Қазіргі кезге дейін 450-ге жуық материалды жалған екенін дәлелдеп қоғамға жеткізді», - деді вице-министр.

Төтенше жағдай кезінде Орталық коммуникациялар қызметі елдегі басты ақпараттық алаңға айналды, онлайн режимінде 200-ге жуық брифинг өткізілді. Сондай-ақ, барлық телеарналардағы көптеген бағдарламалар коронавирус тақырыбына бағытталды. Жалпы 2020 жылы КВИ тақырыбы бойынша БАҚ-та 274 мың материал жарық көрген.