Жеке шаруашылықтарда құс тұмауының таралу көрсеткіші төмендеп келеді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров журналистің қойған сұрағына берген жауабында осылай деді. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ақмола облыстарында өлім-жітім деңгейі төмендеді.

«Қазіргі кезде әр облыс бойынша әкімдіктер жанынан жұмыс топтары құрылып, барлық өлген құстардың есебін шығарып, өтемақы төлеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ауру елімізде екі құс фабрикасында ғана тіркелген. Республика аумағында басқа құс фабрикаларында құс тұмауы анықталған жоқ», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, өтемақы төлеу үшін тиісті қаражат бөлінді және жұмыс тобының шешімі бойынша төленетін болады. ҚР АШМ мәліметінше, Қазақстанда құс тұмауынан 593 мың бас құс өлімі тіркелді. Жеке шаруашылықтарда 24,8 мың бас, құс фабрикаларында 308,5 мың бас құс өлген.

Айта кетейік, елімізде 36 құс фабрикасы жұмыртқа өндірумен айналысады. Ветеринарлық -санитарлық нормаларға сәйкес, құс тұмауы тіркелген екі құс фабрикасының жұмысы 4 айға дейін тоқтатылады. Содан кейін кәсіпорында жұмысын жандандырады.