Қазақстанда карантин қаншалықты жиі болады және қанша уақытқа созылуы мүмкін? Қандай критерийлер негізге алынды? Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында БАҚ өкілдері Бас санитарлық дәрігерге осындай сұрақтар қойды. Айжан Есмағамбетова бұл, бірінші кезекте, әрбір қазақстандыққа байланысты деп нақты жауап берді.

«Карантиннің қанша уақытқа созылатыны, оның қаншалықты жеңілдетілетіні әрқайсымызға байланысты. Іс-әрекеттерімізге байланысты. Біз өмірімізде коронавирустың бар екенін түсінуіміз керек және өмірімізде ұзақ уақытқа сақталатын тактиканы дамытуымыз керек. Сол тактиканы қаншалықты ұстанатынымызға қарай, үйде, жұмыста, отбасыда, таныстарымыздың арасында, объектілерде немесе дүкендерде жүрсек те, қызмет көрсетсек те, қызметті пайдалансақ та коронавирустық инфекциясының алдын алудың негізгі шараларын қаншалықты ұстанатынымызға, байланысты», - деді А. Есмағамбетова.

Егер карантиндік шараларды алып тастау немесе жеңілдету критерийлері туралы айтатын болсақ, Денсаулық сақтау министрлігі алғаш алдымен инфекция жұқтырғандардың күнделікті және апта сайынғы өсімін ескерді. Енді репродуктивтік және төсек-орындардың қамтылу көрсеткіштері негізге алынды.

«Біз мамыр айының соңында екі жаңа көрсеткішке көштік, бұл r0 - инфекция өнімділігінің көрсеткіші, яғни бір адамға есептегенде індетті жұқтырған адамдар саны және төсек-орын қорымен қамту көрсеткіші. Репродуктивтілік көрсеткіші бірден аз болуы керек. Ал кереует қорымен қамтуға байланысты карантинді жеңілдетудің үш кезеңі қарастырылған. Бірінші кезең 70%, екінші кезең 50% төмен, үшінші кезең 30% аз. Қатаң карантиндік шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданған кезде r0 көрсеткіші 1,2 құрады, төсек-орынмен қамту көрсеткіші 90% болды», - деп атап өтті А.Есмағамбетова.

Еліміздің бас санитарлық дәрігері көрсеткіш нашарлаған жағдайда шаралар қайтадан күшейтілуі мүмкін екендігін ескертті.